Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің бастамасымен құрылған. Өткен жылдары аймақ елдері арасындағы тиімді ынтымақтастық пен бірқатар халықаралық ұйымдардың қолдауының арқасында қор Арал теңізі алабындағы су ресурстарын келісілген тәртіппен басқаруды қамтамасыз етуге қол жеткізді.

Қазіргі кезде Орталық Азияда су тапшылығын күшейтіп отырған климаттың өзгеруі мен су тұтыну көлемінің артуы жағдайында қордың рөлі мен маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Өзбекстан 2027–2029 жылдары Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді.

Таныстырылым барысында осы кезеңде жүзеге асыру көзделген жобалар мен негізгі назар аударатын мәселелер қаралды.

Су ресурстары, экология және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтитын 133 жоба әзірленген. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және қайта жаңарту, су ресурстарын бөлу, есепке алу мен мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйелерін енгізу, гидрометеорологиялық деректерді бақылау, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау және олар туралы ерте ескертуге арналған аймақтық цифрлық платформа құру, халықты ауызсумен және санитариялық қызметтермен қамту деңгейін арттыру сияқты бірқатар шара қолға алынбақ.

Бұл жобалардың жалпы құны 3,3 миллиард долларды құрайды. Оларды Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Жасыл климат қоры, Жаһандық экологиялық қор және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен қаржыландыру көзделген.

Мемлекет басшысы жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, келесі жылы атқарылатын жұмыстардың мерзімі бойынша «жол картасын» бекітіп, оның орындалуын ұйымдастыруды тапсырды. Жобаларды іске асыруға халықаралық сарапшыларды, профессор-ғалымдар мен шетелдегі отандастарымызды да тарту қажеттігі айтылды.

Таныстырылымда Өзбекстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы кезеңіндегі басым бағыттар да талқыланды. Қордың құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіруді жалғастыру, оның органдарының өкілеттіктерін нақты бөлу, Ауғанстанмен сындарлы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне айрықша назар аударылмақ. Сондай-ақ қордың күн тәртібін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінде қабылданған шешімдермен үйлестіру және басқа да маңызды мәселелерге назар аударылады.

Бұдан бөлек, қор қызметін ғылыми-талдамалық тұрғыдан қолдау мәселесі қаралды. Бұл бағытта «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университеті қор бастамаларын жүзеге асыруға арналған ғылыми-талдамалық алаңға айналмақ.

Осыған орай, университеттің қызметі жаңаша бағытта қайта құрылады. Білім беру мен зерттеу үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жеделдетіліп, экологиялық қалпына келтіру және суды үнемдеу жөніндегі зерттеулер кеңейтіледі. Сонымен қатар заман талабына сай білікті мамандар даярлауға басымдық беріледі.

Атап айтқанда, Әмудария мен Сырдария алаптарына қатысты деректердің бірыңғай базасы жасалады. Шөлейттенуге қарсы күрес бойынша аймақ ғалымдарымен бірлескен жобалар әзірленіп, инвестициялар мен гранттар тартылады. Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған су шаруашылығы саласындағы бакалавриат және магистратура бағдарламалары іске қосылады.

Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға Өзбекстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы кезеңінде жоспарланған шараларды уақтылы, сапалы әрі толық орындау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Осы ретте жауапты министрліктер мен ведомстволардың көршілес мемлекеттермен байланысын жандандыру, облыс әкімдерінің іске белсенді қатысуын қамтамасыз ету, бірлескен білім беру және ғылыми зерттеу жобалары арқылы аймақтағы су дипломатиясын жаңа деңгейге көтеру міндеті жүктелді.