Кездесуде Өзбекстан мен Грузия арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Грузия Президентіне көрсетілген жылы қонақжайлығы үшін алғыс айтып, бұл Өзбекстан басшысының Грузияға кейінгі 23 жылдағы алғашқы мемлекеттік сапары екенін ерекше атап өтті.
Тараптар парламенттер, үкіметтер және іскер топтар арасындағы байланыстардың жандана түскенін атап өтті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 270 миллион долларға жетті. Бірлескен жобалар мен кәсіпорындар саны артып келеді. Өзбекстанда Грузияның жетекші банкі – «TBC» табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Ташкент пен Тбилиси, Батуми қалалары арасында тікелей әуе қатынасы жолға қойылған. Биылғы наурыз айында Ташкентте Грузия мәдениеті күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Келіссөздер барысында Поти және Батуми порттарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы өзара сауда көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар фармацевтика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, цифрлық технологиялар және туризм салаларындағы кооперацияны дамытуға мол мүмкіндік бар екені айтылды.
Іскерлік, туристік және гуманитарлық алмасуды кеңейту үшін өңіраралық байланыстарды нығайтудың маңызы ерекше екені атап өтілді.
Кездесу соңында Шавкат Мирзиёев Михаил Кавелашвилиді Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды.