Ташкент қаласы мен оның айналасындағы аумақтарда ауаның ластануы, әсіресе түнгі уақытта температура күрт төмендеп, жел соқпайтын кезде күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда атмосферада пайда болатын температуралық инверсия ластаушы заттардың жерге жақын ауа қабатында жиналуына әкеледі.

Экология және климаттың өзгеруі  ұлттық комитеттің мәліметінше, көмір жағатын жылыжайлардан бөлінетін ластаушы заттарға қатысты азаматтардың шағымдары көбейген. Атап айтқанда, Юнусабад ауданының тұрғындары ауа сапасының нашарлағанына және жылыжайларды көмірмен жылыту салдарынан жағымсыз иістердің пайда болуына шағымданған.

Түскен шағымдар бойынша жергілікті жерлерде зерттеулер жүргізіліп, ауадан сынамалар алынған. Бұл жұмыстар атмосфераға ластаушы заттар шығаратын көздерді анықтауға және заң бұзушыларға қатысты шаралар қабылдауға қажетті мәліметтер жинауда.

Жылыжайлар қандай талаптарға жауап беруі қажет?

Арнайы жұмысшы топ жылыжай шаруашылықтарын заманауи әрі экологиялық қауіпсіз жылыту жүйелеріне көшіру бойынша ұсыныстарды қарастырды.

Осыған орай, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жылыжайларда мынадай энергия көздерін пайдалану ұсынылып отыр:

  • табиғи және сұйытылған газ;
  • электр энергиясы;
  • геотермалдық және күн энергиясы;
  • жылу электр станцияларында өндірілетін екінші реттік жылу энергиясы.

Егер аталған энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі болмаса, көмірмен жұмыс істейтін жылыту жүйелеріне де рұқсат беру ұсынылуда. Алайда бұл жағдайда жылыжайлар белгіленген экологиялық нормативтерге сәйкес келетін заманауи, сертификатталған қазандықтармен және түтін газдарын тазартатын сүзгілермен жабдықталуы тиіс.

Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін орнату, тиісті деректер мен бейнежазбаларды Ұлттық экологиялық мониторинг орталығына жіберу көзделіп отыр.

Сүзгілер сынақтан өтті: нәтиже талаптарға сай болмады

Жылыжай шаруашылықтарының өкілдері Қытай технологиялары негізінде әзірленген қазандық жабдығы мен сүзгілерден тұратын жүйенің тәжірибелік үлгісін ұсынды.

30 қыркүйек пен 8 қазан күндері осы құрылғыдан атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың мөлшері бірнеше рет өлшенді. Комитеттің мәліметінше, сынақ нәтижелері шығарындылар көлемінің халық денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Қол жеткізілген келісімге сәйкес, жылыжай шаруашылықтары сүзгінің тәжірибелік үлгісін жетілдіруі керек. Осыдан кейін жұмысшы топ  оны қайта сынақтан өткізуі белгіленген.

Қазіргі уақытта жылыжай қазандықтарының сүзгілеріне арналған қауіпсіз шығарындылар нормативтерін белгілеуге бағытталған құжат жобасы да әзірленген.

«Жасыл жылыжайларға» жеңілдіктер берілуі мүмкін

Экологиялық таза технологияларға көшуді жоспарлап отырған жылыжай шаруашылықтарына арналған субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер пакетін енгізу де қарастырылып отыр.

Сонымен бірге экологиялық қауіпсіз жылыту жүйелерімен жабдықталмаған жылыжайлардың елорда аумағында жұмыс істеуіне қатысты тыйым сақталады.

Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитет Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық гвардиямен бірлесіп, жылыжай шаруашылықтарына тұрақты экологиялық мониторинг жүргізетінін мәлімдеді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тексеруге қатысты қолданыстағы мораторий талаптары сақталуы тиіс.

Қазір жылыжайларға ұсынылып отырған талаптар, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер мәселелері қарастырылу үстінде. Демек, көмірмен жұмыс істейтін барлық жылыжайларға ешқандай шектеусіз рұқсат беріліп жатыр деген қорытынды жасауға негіз жоқ.