Аталған келісімшартқа
сәйкес Жаңа әуежай 35 жыл мерзімге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік
механизмдері негізінде сыртқы басқаруға беріліп, жоба Сауд Арабиясы, Жапония
және Корея Республикасының жетекші компанияларымен ынтымақтастықта жүзеге
асырылады.
Жаңа әуежай кешені
2026–2030 жылдар аралығында Ташкент облысының Орта Шыршық және Құйшыршық
аудандары аумағындағы 1 310 гектар жерге құрылады, жоба аясында бастапқы
кезеңде шамамен 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тарту
жоспарлануда.
Жоба шеңберінде
қолданыстағы әуежай терминалынан 4 есе үлкен жаңа заманауи жолаушылар терминалы
бой көтереді және бастапқы кезеңде жылына 20 миллион жолаушыға қызмет көрсету
мүмкіндігіне ие болады. Болашақта бұл көрсеткіш 46 миллион жолаушыға дейін
жеткізіледі.
Жолаушыларға қолайлы
жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа
терминалда озық ақпараттық технологияларға негізделген жедел тіркеу,
қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жүктерді қайта өңдеу жүйелері енгізіледі.
Сондай-ақ жолаушылар
ағынын жылдам әрі ыңғайлы бағыттау мақсатында 40-тан астам телескопиялық трап
пен 160-тан астам әуе кемесіне арналған тұрақ орындары ұйымдастырылады.
Әуежайда салынып жатқан
екі ұшу-қону жолағында бір мезгілде ұшақтардың ұшып-қонуына мүмкіндік жасалады.
Мұның нәтижесінде сағатына 30-дан астам ұшу-қону операциясы жүзеге асырылады.
Ең заманауи навигациялық, метеорологиялық және қауіпсіздік жүйелері барлық
үлгідегі әуе кемелерін кез келген ауа райы жағдайында қабылдауға мүмкіндік
береді.
Сонымен қатар тұрғындар
мен еліміздің қонақтарының әуежай аумағына жетуін жеңілдету үшін қолайлы көлік
шешімдері әзірленген. Әуежай автомобиль жолдары және жергілікті теміржол қатынастары
арқылы астана және облыстармен тығыз байланыстырылатын болады.
Бұл әуежай еліміздің
экономикасы мен туризм саласының дамуына ғана емес, сонымен бірге бүкіл аймақ
авиациялық картасындағы орнын нығайтуға қызмет етеді.