Жоба Қоқыстарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігі мен қоқыстарды автоматты түрде жинау және сұрыптау технологиялары саласында жұмыс істейтін Норвегияның TOMRA компаниясының ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Пилоттық жоба аясында тұрғындардан пластик, шыны және алюминий сусын ыдыстарын бөлек жинап, қайта өңдеуге тапсыруды ынталандыратын жүйе енгізілді.

Енді тұрғындар сұрыпталған сусын ыдыстарын арнайы фандоматтарға өткізіп, әр ыдыс үшін 150 сум көлемінде сыйақы ала алады.

Құрылғыны пайдаланған азамат екі нұсқаның бірін таңдайды. Бірінші жағдайда қабылданған әр ыдыс үшін 150 сум төленіп, қаражат Click электронды әмиянына аударылады.

Екінші нұсқада азамат төлемді қайырымдылыққа бағыттай алады. Бұл жағдайда жиналған ыдыстарды сатудан түскен қаражат қайырымдылық мақсаттарына және ағаш отырғызу бастамаларына жұмсалады.

Фандоматтар сусын ыдыстарын басқа тұрмыстық қалдықтармен араластырмай, бөлек жинауға және оларды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сұрыпталған материалдардан екінші реттік шикізат алынып, жаңа өнімдер өндіруде қайта пайдаланылуы мүмкін.

Бұл табиғи ресурстарды пайдалануды азайтуға, сондай-ақ қалдықтардың көшелерге, су айдындарына және полигондарға түсуін қысқартуға ықпал етеді деп күтілуде.

Жобаның тағы бір мақсаты – қалдықтарды сұрыптауды күнделікті әдетке айналдыру және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру. Бастама арқылы пайдаланылған сусын ыдысының жай ғана қоқыс емес, қайта өңдеуге болатын әрі экономикалық құндылығы бар ресурс екені көрсетілмек.

Егер пилоттық жоба өзін ақтаса, болашақта фандоматтарды республика бойынша халық көп жиналатын орындарға кезең-кезеңімен орнату жоспарланып отыр.