Атмосфералық ауаның ластануы бүкіл әлемде адам денсаулығына төнетін негізгі экологиялық қауіптердің бірі екені дәлелденген. Ол жүрек-қан тамырлары мен өкпе ауруларының, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы, инсульт, демікпе, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және деменция жағдайларының көбеюімен байланысты, деп хабарлады vokrugsveta.ru.

Бұдан бөлек, бұл мәселе ауқымды урбанизация, қарқынды экономикалық даму, автомобильдер мен басқа да көлік құралдары санының артуы салдарынан ауа сапасы нашарлап бара жатқан табысы төмен және орташа елдерге көбірек әсер етеді.

2021 жылы ДДСҰ бірқатар ластаушы заттарға, сондай-ақ ұсақ бөлшектерге (PM2.5) және азот диоксидіне (NO2) қатысты рұқсат етілетін шекті деңгейлер бойынша жаңа ұсынымдар қабылдады.

PM2.5 – диаметрі 2,5 микрон немесе одан да кіші қатты бөлшектер, олардың мөлшері өте кішкентай болғандықтан, тыныс алу кезінде өкпеге терең ене алады. Мұндай бөлшектердің негізгі көздеріне көлік құралдарының пайдаланылған газдары, электр станциялары, өнеркәсіптік өндіріс үдерістері, отынымен жұмыс істейтін пештер мен каминдер, сондай-ақ құрылыс шаңы жатады. Сонымен қатар олар атмосферада күкірт диоксиді мен азот оксидтері сияқты басқа да ластаушы заттардың қатысуымен жүретін күрделі химиялық реакциялар нәтижесінде түзіледі.

Азот диоксиді – қазба отындарын жағу кезінде пайда болатын негізгі ластаушы заттардың бірі. Ол автомобильдердің пайдаланылған газдарының құрамында, әсіресе дизель қозғалтқыштарынан бөлінетін шығарындыларда, сондай-ақ өнеркәсіптік қалдық газдарда кездеседі. Бұдан бөлек, газ плиталары мен жылыту құрылғыларын пайдаланған кезде де бөлінеді.

Environment International журналында мақаласы жарияланған зерттеушілер әлемнің табысы төмен және орташа 136 еліндегі мәліметтерді талдаған. Ғалымдар ауаның ластануы, халық саны және денсаулық жағдайы туралы егжей-тегжейлі деректерді қоршаған ортаның ластануы, аурушаңдық пен өлім-жітім арасындағы байланысқа арналған ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бірлестірген.

Компьютерлік модельдеу арқылы зерттеушілер кейбір ластаушы заттардың концентрациясы ДДСҰ белгілеген шекті деңгейге дейін төмендеген жағдайда өлім-жітім мен жаңадан тіркелетін аурулар санының қалай өзгеруі мүмкін екенін бағалаған.

Зерттеу нәтижелері PM2.5 бойынша ДДСҰ ұсынған шекті көрсеткіштерге қол жеткізу жыл сайын шамамен 9,4 миллион өлімнің, ал азот диоксиді бойынша белгіленген деңгейге жету тағы шамамен 1,1 миллион өлімнің алдын алуға немесе оларды кейінге шегеруге мүмкіндік беретінін көрсетті.

Сонымен қатар бұдан да жеңілдетілген аралық мақсаттарға қол жеткізудің өзі халық денсаулығына айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, PM2.5 әсеріне байланысты өлім-жітім саны шамамен 6,6 миллионға, ал азот диоксидіне байланысты өлім-жітім 435 мыңға азаюы ықтимал.

Ғалымдар ауаны тазартудың ықтимал пайдасы тек өлім-жітімнің алдын алумен шектелмейтінін анықтаған.

Зерттеушілердің есептеуінше, PM2.5 деңгейін ұсынылған шекке дейін төмендету жыл сайын өкпенің созылмалы обструктивті ауруының жаңа жағдайларын 2,8 миллионға, деменцияны 1,1 миллионға, жүректің ишемиялық ауруын 7,3 миллионға және инсульт жағдайларын 2,3 миллионға азайтуы мүмкін.