2026 жылғы физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығы Карл Дейссерот, Петер Хегеманн және Георг Нагельге оптогенетиканың дамуына жол ашқан жаңалықтары үшін беріледі. Бұл туралы Нобель сыйлығының ресми сайтында хабарланды.
Бұл әдіс ғалымдарға жарықтың көмегімен тірі мидағы белгілі бір жүйке жасушаларының қызметін қосып немесе өшіруге мүмкіндік береді.
Петер Хегеманн мен Георг Нагель каналродопсинді — жасушаларды жарыққа сезімтал ете алатын ақуызды ашты. Ғалымдар бұл ақуыздың қасиеті оны жасушаның қай түріне енгізгеніне қарамастан сақталатынын анықтады.
Карл Дейссерот осы жаңалықты жүйке жүйесін зерттеуде қолданды. Ол егеуқұйрықтардың нейрондарына каналродопсин генін енгізіп, көк жарықтың көмегімен нейрондарда жүйке импульсін тудыруға болатынын анықтады. Кейін ғалым осы әдіс арқылы тірі тышқандардың тікелей миындағы нейрондардың қызметін басқаруға қол жеткізді.
Осы жаңалықтардың негізінде жасалған әдіс «оптогенетика» деп аталды. Ол белгілі бір жүйке жасушаларын өте жоғары дәлдікпен басқаруға, сондай-ақ оларды белсендіру немесе белсенділігін төмендету арқылы ми жұмысына қалай әсер ететінін бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлады lenta.ru.
Бүгінде оптогенетика нейробиологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылып келеді.
2025 жылы физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығы Мэри Э. Бранкоға, Фред Рамсделлге және Симон Сакагутиге иммундық жүйенің ағзаның өз жасушаларына шабуыл жасауына жол бермейтін негізгі механизмді ашқандары үшін берілген болатын.