Оңтүстік кореялықтар он адамның жетеуі некеге тұрмай-ақ бірге жасауға болатынына сенеді. Бұл мәліметтер мемлекеттік статистикалық және ақпарат министрлігі тарапынан өткізілген сұраунамада көрсетілген.
Зерттеуге қатысқандардың 67,8 пайызы некені ресми түрде тіркемей бірге тұру идеясын қолдаған. Ал 20–30 жас аралығындағы жастар арасында мұндай қарым-қатынасты жақтайтындардың үлесі 80 пайыздан асқан.
Соңғы жылдары елде дәстүрлі отбасылық құндылықтарға деген көзқарас айтарлықтай өзгерген. Атап айтқанда, 2012 жылы сауалнамаға қатысқандардың небәрі 45,9 пайызы некесіз бірге тұруды қалыпты жағдай деп есептеген.
Сонымен қатар ел тұрғындарының 38,1 пайызы некеге тұрмай-ақ балалы болуға қарсы емес. Ал некені міндетті деп санайтындардың үлесі 55 пайызды құраған.
Респонденттер ресми некеге тұрмаудың негізгі себебі ретінде қаржылық қиындықтарды атаған, деп хабарлады Kazinform.