Бүгінде цифрлық технологиялар экономиканың барлық саласымен қатар сауда үдерістерін де түбегейлі өзгертіп келеді. Әсіресе маркетплейстер кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға шығудың, өнімдерін кең аудиторияға ұсынудың және экспорт географиясын кеңейтудің тиімді құралына айналуда.
Маркетплейстің қарапайым интернет-дүкеннен айырмашылығы – ол өнімді таныстырудан бастап, тапсырыс қабылдау, төлем жасау, жарнама, логистика және клиенттермен жұмыс істеуге дейінгі барлық үдерісті бірыңғай цифрлық ортада бірлестіреді.
Елімізде де кәсіпкерлікті қолдау саясаты жаңа кезеңге көтеріліп, бизнесті бастаумен қатар оны дамытуға, капиталын арттыруға, ұлттық брендтер қалыптастыруға және сыртқы базарға шығаруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде жетекші халықаралық маркетплейстермен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны 3,5 мыңға жетіп, 300-ден астам ұлттық брендтің қалыптасуы цифрлық сауданың экономикамыздағы маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа базар – жаңа мүмкіндік
Дәстүрлі саудада кәсіпкердің негізгі сатып алушылары көбіне жергілікті базармен шектеледі. Ал цифрлық сауда бұл шекараларды кеңейтіп, өнімді басқа өңірлер мен шетелдік базарларға шығаруға мүмкіндік береді.
Сондықтан қазіргі заманғы кәсіпкер үшін «Нені өндіремін?» деген сұрақпен қатар «Кім үшін өндіремін?», «Қай нарықта сатамын?» және «Сатып алушы нені бағалайды?» деген сауалдар да маңызды мәнге ие болып отыр.
Алайда әлемдік базарға шығу өнімді интернетке орналастырумен ғана шешілмейді. Сапа, стандарттар мен сертификаттау, заманауи қаптама, бренд, цифрлық маркетинг, логистика және сервистік қызмет біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, заманауи экспорт тізбегін мынадай жүйе ретінде қарастыруға болады: сапалы өнім – стандарт – бренд – цифрлық сауда – маркетплейс – логистика – төлем – сервис – қайталама сатып алу.
Президентіміздің биылғы 18 тамызда кәсіпкерлермен кездесуінде экспорттаушы кәсіпорындардың бір бөлігі шетелдік сатып алушыларды табу, халықаралық стандарттар мен сертификаттау талаптарына бейімделу, қаржылық құралдарды пайдалану, базар туралы ақпарат алу, маркетинг және бренд қалыптастыру мәселелерінде қиындықтарға тап болып отырғаны атап өтілген.
Осыған байланысты «Экспорт навигаторы» жүйесі, сыртқы базарларға бейімдеу, стандарттау және ұлттық брендтерді ілгерілету бойынша жаңа механизмдер белгіленуде.
Сырдарияда үлкен әлеует бар
Бұл үдеріс Сырдария облысының кәсіпкерлері үшін де маңызды мәнге ие. Облыста 10,6 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 2,7 мыңға жуығы өнеркәсіп саласындағы шағын бизнес субъектілері болса, 220-дан астамы ақпарат және коммуникация, 600-ден астамы көлік және қойма салаларына тиесілі. Аумақта 500-ге жуық қолөнерші де өз қызметін жүзеге асыруда.
Бұл көрсеткіштердің артында үлкен экспорттық әлеует жатыр. Өнеркәсіп, азық-түлік, тоқымашылық, былғары және аяқ киім өндірісі, қолөнер бұйымдары мен басқа да өнімдерді цифрлық сауда алаңдарына шығару жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа базардың жолын ашуы мүмкін.
Сонымен қатар кәсіпкерлерді электрондық сауда платформаларында онлайн-дүкен ашуға, өнім карточкаларын әзірлеуге, сатып алушылармен байланыс орнатуға, тапсырыстар мен төлемдерді қабылдауға, жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруға үйрету де осы бағыттағы маңызды қадам болып табылады.
Өнімнен брендке дейін
Әлем базарында бәсекеге қабілетті болу үшін тек өнім өндіру жеткіліксіз. Сатып алушының сеніміне ие болу, өнімді бренд ретінде қалыптастыру және оның құнын арттыру қажет.
Мысалы, шикізатты сатумен қатар дайын, қапталған, сертификатталған және брендтелген өнімді экспорттаудың айырмашылығы үлкен. Екінші жағдайда өнімнің құнына дизайн, маркетинг, бренд және сервис қосылады. Бұл кәсіпкер табысының да, елде жасалатын қосылған құнның да артуына ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Made in Uzbekistan» белгісімен шығарылатын өнімдердің сапасын арттыру, ұлттық брендтерді халықаралық базарда таныту және цифрлық сауда арналарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану стратегиялық маңызға ие.
Цифрлық сауда – жаңа экономикалық мәдениет
Маркетплейстер кәсіпкерлерден жаңа білім мен дағдыларды талап етеді. Өнімнің фотосуреті, сипаттамасы, бағасы, қаптамасы, сатып алушымен қарым-қатынас мәдениеті және жеткізу жылдамдығы бүгінде сауданың маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Алдағы уақытта бұл үдерісте жасанды интеллект технологияларын пайдалану да кеңейе түседі. Сұранысты талдау, өнімді ілгерілету, клиенттердің қажеттіліктерін зерделеу, қорлар мен логистиканы басқару кезінде цифрлық технологиялар кәсіпкердің маңызды көмекшісіне айналуы мүмкін. Елімізде жасанды интеллектіні бизнес үдерістеріне енгізуді ынталандыру бойынша да тиісті шаралар белгіленген.
Сондықтан цифрлық сауданы дамытуды тек технологиялық жаңару ғана емес, кәсіпкерлік мәдениеттің жаңа кезеңі ретінде бағалау қажет.
Жаңа кезең – жаңа құндылық
Бүгінде кәсіпкерлікті дамытудың негізгі міндеті тек көбірек өнім өндіру емес, әрбір өнімнің бойында көбірек қосылған құн қалыптастыру болып отыр.
Жергілікті өнімді сапалы өндіру, оны брендке айналдыру, цифрлық алаңдарда ілгерілету, маркетплейстер арқылы сату және халықаралық базарға жеткізу – осы мақсатқа қызмет етеді.
Президентіміз тарапынан кәсіпкерлікті дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша белгіленіп жатқан міндеттер де осы жаңа экономикалық жанасумен үндеседі.
Демек, маркетплейстер – жай ғана онлайн сауда алаңы емес. Олар жергілікті кәсіпкерді жаңа сатып алушылармен байланыстыратын, ұлттық өнімді әлемдік базарға шығаратын заманауи цифрлық көпір.
Ең бастысы, осы мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы кәсіпкерлікті қарапайым саудадан цифрлық экспортқа, өнімді ұлттық брендке, ал жергілікті өндірушіні әлем базарының белсенді қатысушысына айналдыруға болады.
Алишер Хажимуратов,
Министрлер Кабинеті қасындағы Бизнес және кәсіпкерлік жоғары мектебінің Сырдария облыстық аумақтық филиалының басшысы.