Ташкент қаласында Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мамандары елордадағы маңызды көлік бағыттарының бірі — Махтумқули көшесіндегі көлік ағынын талдады.

Қозғалыс қарқындылығы, көлік ағынының тәулік бойындағы бөлінуі, бағдаршам циклдерінің ұзақтығы, сондай-ақ қиылыстар арасындағы қозғалыс уақыты туралы мәліметтер негізінде бағдаршамдардың жұмысы «жасыл толқын» қағидаты бойынша өзара үйлестірілді.

Жүргізілген жұмыстар аясында Махтумқули көшесіндегі 11 бағдаршам өзара үйлестірілді.

Бұл бағыттағы тәуліктік орташа көлік ағыны шамамен 90 мың автокөлікті құрайды.

Жүйе көлік ағынының негізгі бағытын ескере отырып, екі түрлі режимде жұмыс істейді:

00:00-ден 13:00-ге дейін — Ташкент қаласының орталығы бағыты бойынша, Махтумқули және Жаңа Өзбекстан көшелерінің қиылысындағы үш деңгейлі жол айрығынан Әмір Темір даңғылы бағытына қарай;

13:00-ден 00:00-ге дейін — Ташкент облысы бағыты бойынша, Әмір Темір даңғылынан Махтумқули және Жаңа Өзбекстан көшелерінің қиылысындағы үш деңгейлі жол өткізіуіне қарай.

Үйлестірілген бағыт бойынша есептелген қозғалыс жылдамдығы 55 км/сағатты құрайды. Ұсынылған жылдамдықпен қозғалған кезде автокөлік келесі қиылыстардағы жасыл шамға есептелген уақыт аралығына кезекпен дәл түсіп отырады.

Жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде:

  • бағыттың өткізу қабілеті 12 пайызға артты;
  • бағыт бойынша орташа қозғалыс уақыты 10 пайызға қысқарды.

Осы орында маңызды жайтты атап өткен жөн: «жасыл толқын» бүкіл бағыт бойында бағдаршамдардың үздіксіз жасыл болып тұруын білдірмейді. Бұл — бағдаршам циклдерін математикалық есептеулер негізінде өзара үйлестіру жүйесі.

Нақты қозғалыс уақыты сол сәттегі жол жағдайына да байланысты. Атап айтқанда, көлік ағынының тығыздығы, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтауы, көлік құралдарының жолақ ауыстыруы, қоғамдық көліктің қозғалысы, жаяу жүргіншілерге арналған фазалар, сондай-ақ жол жағдайындағы уақытша өзгерістер әсер етуі мүмкін.

Жол-көлік оқиғасы, қозғалыс жолағының уақытша жабылуы, жол жөндеу жұмыстары немесе белгілі бір аумақта көлік ағынының күрт артуы байқалған жағдайда қозғалыс көрсеткіштері есептелген параметрлерден уақытша өзгеше болуы мүмкін. Жолдағы жағдай қалыпты деңгейге келгеннен кейін үйлестірілген жүйе белгіленген режимде жұмысын жалғастырады.

Осылайша, «жасыл толқын» жүйесінің негізгі міндеті — автокөліктің әрбір тоқтауын толығымен жою емес, тоқтау санын мүмкіндігінше азайту, қиылыстардағы күту уақытын қысқарту және бүкіл бағыт бойынша көлік ағынының бірқалыпты қозғалысын қамтамасыз ету.

Нәтижесінде жолдың қатынау бөлігін физикалық тұрғыдан кеңейтпей-ақ, қолданыстағы көше-жол инфрақұрылымын неғұрлым тиімді пайдалану мүмкіндігі жасалады.

Орталық мамандары Ташкенттің басқа да аумақтарында көлік ағындарын талдау және бағдаршамдарды өзара үйлестіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.