Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жердің тозуы мен шөлейттену бүгінде бүкіл өңір үшін өзекті экологиялық мәселеге айналып отыр. Бұл ауыл шаруашылығының тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, халық денсаулығына және өңірлердің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.

Еліміз аумағының шамамен 80 пайызы шөл және шөлейт алқаптардан тұрады. Топырақтың сортаңдануы, құм көшкіні, шаңды дауылдар мен аптап ыстық, әсіресе, Қарақалпақстан Республикасында, Бұхара, Науаи, Хорезм облыстарында, сондай-ақ Қашқадария, Сұрхандария және Жызақ облыстарының кейбір аудандарында елеулі қауіп төндіруде.

Арал теңізінің тартылуы бұл үдерісті одан әрі күшейтті. Құрғаған теңіз табанында Аралқұм шөлі қалыптасып, ауаға көтерілген тұз бен шаң алыс аймақтарға дейін таралуда. Осыған байланысты Арал өңірінде жасыл белдеулер қалыптастыру, сексеуіл және басқа да шөлге төзімді өсімдіктерді отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Кейінгі жылдары Арал теңізінің құрғаған табанында 2 миллион гектардан астам жаңа орман алқабы пайда болды.

«Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Республика бойынша 1 миллиардтан астам ағаш пен бұта көшеті отырғызылып, көгалдандыру деңгейі 2020 жылғы 8 пайыздан 2025 жылы 14,3 пайызға дейін өсті. Арал өңірінде, шекаралас және қуаң аймақтарда жасыл белдеулер мен қорғаныш орман алқаптарын ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда.

Таныстырылым барысында 2026–2030 жылдары шөлейттенуге қарсы күресті жаңа кезеңге көтеру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Атап айтқанда, 1,27 миллион гектар аумақта орман алқаптарын құру және қалпына келтіру, шөлді, таулы және тау бөктеріндегі өңірлерде 16 мың гектар қорғаныс орман белдеулерін отырғызу жоспарланып отыр.

Сұрхандария облысында 10 мың гектар аумақта жасыл белдеу қалыптастыру, Сырдария облысының шекаралас аумақтарында ұзындығы 84 шақырым болатын «жасыл қабырға» жасау, таулы және тау бөктеріндегі өңірлерде террасалау әдісімен ағаштар мен бұталар отырғызу, сондай-ақ тозған жерлерде заманауи агротехнологияларды сынақтан өткізу ұсынылды.

Мемлекет басшысы шөлді аумақтарға тек экологиялық мәселе ретінде емес, жаңа экономикалық мүмкіндіктер көзі ретінде қарау қажеттігін атап өтті. Осыған орай «шөл экономикасы» тұжырымдамасын дамыту, сортаң және қорық жерлерде тұрақты табыс көздерін қалыптастыру, шөл өсімдіктерінің тұқым шаруашылығы мен көшет өсіру ісін жолға қою, галофит өсімдіктерін өсіру, жайылымдардың өнімділігін арттыру, мал шаруашылығын, экологиялық туризмді және ғылыми зерттеулерді кеңейту маңызды екені айтылды.

Бұл бағытта Қарақалпақстанда шөл өсімдіктерінің көшет питомниктерін ұйымдастыру, Арал теңізінің құрғаған табанында ғылыми экспедициялар өткізу, Бабатау өңірінде заманауи тәсілдер негізінде пісте плантацияларын дамыту, галофит бақтарының желісін кеңейту ұсынылды. Сонымен қатар қуаңшылыққа төзімді өсімдіктер мен тұқымдардың өңірлік банкін құру, халықаралық қорлар мен жеке инвестицияларды тарту мәселелері талқыланды.

Таныстырылымда Орталық Азия мемлекеттерімен экологиялық ынтымақтастықты күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Шөлейттену мен жердің тозуы шекара талғамайтын мәселе болғандықтан, оған қарсы күресте ортақ өңірлік ұстаным, ғылыми ынтымақтастық, деректер алмасу және технологиялар трансфері маңызды екені атап өтілді.

Осыған байланысты шөлейттенуге қарсы күрес пен шөл экономикасын дамыту жөніндегі Орталық Азия өңірлік ғылыми-зерттеу орталығының қызметін кеңейту, «Жасыл қалқан» өңірлік бағдарламасы аясындағы практикалық жобалардың санын арттыру және 2040 жылға дейінгі шөлейттенуге қарсы күрес стратегиясын әзірлеу бастамалары ұсынылды.

Самарқанд қаласының тарихи-мәдени мұрасы, Ұлы Жібек жолындағы орны, халықаралық туризм орталығы ретіндегі әлеуеті, стратегиялық географиялық орналасуы, сондай-ақ қолданыстағы су және көлік инфрақұрылымы ескеріле отырып, оны Орталық Азиядағы экологиялық тұрғыдан орнықты, климат өзгерісіне бейімделген және заманауи «жасыл қаланың» үлгісіне айналдыру көзделіп отыр.

Осыған сәйкес таныстырылымда қалалардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған «Green Samarkand» моделі қаралды.

Аталған модель аясында 2030 жылға дейін Самарқанд қаласында нақты экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған. Атап айтқанда, атмосфераға шығарылатын 51,2 мың тонна зиянды қалдықтың алдын алу, өнеркәсіп және энергетика нысандарына шаң-газ тазарту қондырғыларын орнату арқылы PM2.5 және PM10 бөлшектерінің мөлшерін 50 пайызға азайту, құрылыс нысандарынан шығатын шаң көлемін 80 пайызға, автокөліктерден бөлінетін ластаушы заттарды 50 пайызға қысқарту, қоқыс полигондарының көлемін екі есеге азайту және елді мекендердегі жасыл аумақтардың үлесін орта есеппен 30 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Жобаны іске асыру үшін Самарқанд облысы әкімдігі мен Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің қатысуында «Жасыл Самарқанд» жобалық кеңсесі құрылады. Бұл кеңсе қала құрылысы, экология, көлік, құрылыс, туризм, өнеркәсіп және коммуналдық қызметтер салаларындағы белгіленген іс-шараларды бірыңғай жүйе аясында үйлестіретін болады.

Самарқанд қаласында арнайы экологиялық-қала құрылысы режимі енгізіліп, жаңадан салынатын және қайта жаңғыртылатын нысандар үшін «жасыл құрылыс» талаптары міндетті норма ретінде белгіленеді. Бұл ретте энергия мен суды үнемдейтін технологияларды пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану, сондай-ақ экологиялық талаптарға сай келмейтін нысандарды пайдалануға қабылдамау тәжірибесі жолға қойылады.

Көлік саласында Самарқандты экологиялық таза қозғалыс үлгісіне көшіру жоспарланған. Ол үшін үлкен сыйымдылыққа ие 50 заманауи электр автобусы сатып алынып, жол қиылыстарына 150 жаңа бағдаршам орнатылады. Сондай-ақ 2030 жылға дейін қоғамдық көлік пен такси қызметін толықтай электр көлігіне көшіру шаралары жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, «Park & Ride» жүйесі енгізіліп, жаяу жүргіншілерге басымдық берілетін жасыл туристік аймақтар құрылады, ал қала орталығына жеке автокөліктердің кіруі кезең-кезеңімен шектеледі.

Су және «жасыл» инфрақұрылымды дамытуға байланысты Самарқанд қаласында кем дегенде төрт, ал облыс аудандарының орталықтарында кемінде біреуден жасанды көл мен су айдындары салынатын болады. Самарқанд қаласында тағы да 10 жаңа субұрқақ бой көтеріп, қолданыстағы субұрқақтардың инфрақұрылымы жаңғыртылады. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 319 шақырым болатын арықтар жүйесі салынып, қалпына келтіріледі.

Қала маңында қорғаныштық «жасыл» инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында «Жаңа үлкен айналма жол» бойымен ұзындығы 102,7 шақырымды, жалпы аумағы 3532 гектарды құрайтын «жасыл белдеу» жасалады. Бұл белдеу шаң мен ыстық ауа ағындарын азайтуға, атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға, қала айналасында табиғи қорғаныс аймағын қалыптастыруға және климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын күшейтуге бағытталған.

Қала құрылысы саласында 300 гектар аумақта «Green City Samarkand» жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл аумақта тұрғын үйлер, кеңселер, қызмет көрсету, туризм және қоғамдық инфрақұрылым нысандары халықаралық «жасыл қала» стандарттарына сәйкес салынады.

Өнеркәсіп нысандарының экологиялық әсерін азайту үшін «жасыл өнеркәсіп аймағында» озық технологиялар, «Zero Visible Emission» және цифрлық экологиялық мониторинг жүйелері кезең-кезеңімен енгізіледі. Қолданыстағы өнеркәсіп аймақтарының айналасында «жасыл белдеулер» қалыптастырылып, халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін I және II санаттағы сегіз өнеркәсіп кәсіпорны қала аумағынан тыс жерге көшіріледі.

Қалдықтарды басқару саласында «Zero Waste Samarkand» қағидаты негізінде қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және полигондарға жіберілетін көлемді азайту жүйесі енгізіледі. Заңсыз қоқыс төгу орындарын цифрлық картаға түсіру және фото-бейнетіркеу жүргізетін ақпараттық жүйе іске қосылады.

Климат саясаты аясында Самарқанд қаласы үшін 2030 және 2035 жылдарға арналған көміртек шығарындыларын қысқарту жөніндегі мақсатты көрсеткіштер мен «Carbon Neutral Samarkand» «жол картасы» әзірленеді. Сонымен қатар жасыл және климаттық жобаларды қаржыландыруға арналған «Green Samarkand Climate Finance Facility» платформасы және жобалардың нәтижелерін ашық жариялап, мониторинг жүргізетін «Green Samarkand Dashboard» цифрлық платформасы іске қосылады.

Туризм және биоалуантүрлілік бағытында «Жасыл Самарқанд» бренді, «Green Hotels Samarkand» рейтингтік жүйесі, «Samarkand City Biodiversity Index» әдістемесі, «Urban Biodiversity Samarkand» пилоттық жобасы және «Биоалуантүрлілікті сақтайық» еріктілер бағдарламасы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде Самарқанд экологиялық туризмнің, жасыл инвестициялардың және тұрақты қала құрылысы шешімдерінің өңірлік орталығына айналады.

Жалпы жоба аясында Самарқандты «Орталық Азияның жасыл инвестициялар мен инновациялар астанасы» ретінде қалыптастыруға қажетті ұйымдастырушылық, қаржылық және практикалық негіздер жасалады.

Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, шөлейттенуге қарсы күресті күшейту, жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану, қала құрылысындағы экологиялық талаптарды қатаңдату және халық үшін қолайлы әрі салауатты өмір сүру ортасын қалыптастыру жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.