Пайдаланушыларға платформаның мүмкіндіктері шектелуіне байланысты жеті күннен астам уақыт бойы пайдаланылмаған ұзақ сұхбаттар тоқтатылатыны туралы хабарлама жіберілген. Енді мұндай сессияларды жалғастыру мүмкін болмайды.

Компания, сондай-ақ, сұраныстардың ұзындығына қойылатын шекті шамамен 40 000 таңбаға дейін қысқартып, күнделікті квоталар енгізді. Күндік лимитке жеткен кезде экранда жүйе серверлеріне түсетін жүктеменің артқаны және квотаның аяқталғаны туралы хабарлама пайда болады.

Бұл шектеулердің енгізілуіне техникалық ақаулардың көбеюі себеп болып отыр. Қазан айынан бері чат қызметінде, сондай-ақ V4 Pro және V4.1 Flash модельдерінің API интерфейстерінде ішінара істен шығуға байланысты кемінде бес жағдай тіркелген. Ең ұзақ үзіліс 15 қазанда орын алып, бес сағатқа созылған.

Жаңа шектеулер тек мобильді қосымшалар мен веб-нұсқаға қатысты. Ал әзірлеушілерге арналған бағдарламалық интерфейсті ақылы тариф негізінде шектеусіз пайдалануға болады, деп хабарлады Kazinform.

Жаңа шектеулер енгізілгеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары DeepSeek компаниясын басқа ірі тілдік модельдерді әзірлеушілердің тәжірибесіне сүйене отырып, кеңейтілген мүмкіндіктері бар және тұрақты жұмысына кепілдік берілген ақылы жазылымдарды енгізуге шақырды.

Жазда DeepSeek 7,4 миллиард доллар инвестиция тартып, Қытайдағы ең қымбат жасанды интеллект стартапына айналған еді.

Сондай-ақ қазан айында DeepSeek негізін қалаушы Лян Вэньфэн Қытайдағы ең бай 10 кәсіпкердің қатарына енген болатын.