Енді ғалымдардың ғылыми нәтижелері тек құжаттар негізінде ғана емес, бірыңғай электрондық базада расталған мәліметтер негізінде де бағаланады.
Қандай өзгерістер енгізілді?
Ғылыми нәтижелерді растау тәртібі жаңартылды.
Бұрын қосымша ақы белгілеу кезінде қызметкер ұсынған растаушы құжаттарға сүйенетін.
Ал жаңа тәртіп бойынша ғылыми, ғылыми-педагогикалық және еңбек қызметіне қатысты мәліметтер бірыңғай электрондық базаға енгізіліп, тексеріліп, расталады.
Расталған мәліметтер негізгі дереккөзге айналады.
Электрондық базадағы мәліметтер қосымша ақы белгілеу кезінде ұйымның ғылыми комиссиясы мен алқалы органы үшін негізгі ақпарат көзі болып есептеледі.
Базаға енгізілгенімен, расталмаған нәтижелер қосымша ақы есептеу кезінде ескерілмейді.
Science ID арқылы ынталандырудың жаңа өлшемі белгіленді.
Science ID арқылы жоғары ғылыми белсенділік көрсеткен әрбір авторға лауазымдық жалақысының 10 пайызына дейін қосымша ақы белгілеу көзделіп отыр.
Бұл жерде барлық қызметкерге автоматты түрде 10 пайыздық қосымша ақы төлеу туралы емес, тиісті өлшемдер негізінде ынталандыру туралы айтылып отыр.
Енді ғылыми нәтижеге қол жеткізудің өзі жеткіліксіз. Оның электрондық базада дұрыс көрсетілуі, тексерілуі және расталуы да маңызды рөл атқарады.