Кейінгі жылдары елімізде экономиканы ырықтандыру, мемлекеттік кәсіпорындарды трансформациялау, жекешелендіру үдерістерін жеделдету және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл үдерістерде капитал нарығын дамыту ерекше маңызға ие.

Өткен айда еліміздің қаржы саласында айтулы оқиға орын алды. Алғаш рет Лондон және Ташкент қор биржаларында Ұлттық инвестициялық қор акцияларының бастапқы жария орналастырылды. Бұл өз кезегінде Өзбекстан экономикасының шетелдік инвестициялар үшін ашық әрі сенімді алаңға айналып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетіп берді.

Таныстырылым барысында халықаралық инвесторлардың Өзбекстан капитал нарығына қызығушылығы артып келе жатқаны атап өтілді. Әсіресе, Азия даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Еуропа қайта құру және даму банкі секілді беделді халықаралық қаржы институттары өз облигацияларын ұлттық валютада жергілікті қор нарығында орналастыруға қызығушылық танытып отыр.

Осыған орай заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, халықаралық стандарттарға сай құқықтық режим енгізу, салықтық жеңілдіктер ұсыну және ең бастысы – бизнесті жүргізудің сенімді әрі ашық ортасын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Сол себепті халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, «Капитал нарығы туралы» заңның жаңа редакциядағы жобасы әзірленді. 16 тарау мен 123 баптан тұратын бұл құжат капитал нарығын заманауи нарықтық қағидаттар негізінде реттеуге, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, нарық инфрақұрылымын нығайтуға және жаңа қаржы құралдарын енгізуге бағытталған.

Заң жобасында халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын жаңа қаржы құралдарын енгізу көзделген. Атап айтқанда, Халықаралық деривативтер мен своптар қауымдастығының стандарттарына сәйкес елде опцион, своп, фьючерс және форвард секілді туынды қаржы құралдары, сондай-ақ неттинг келісімдері негізінде мәмілелер жасау жүйесі енгізіледі.

Сонымен қатар банктерге кепілмен қамтамасыз етілген облигациялар мен ипотекалық несиелер міндеттемелері негізінде арнайы облигациялар шығарудың құқықтық негізі жасалуда. Бұл банктердің ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын тартуына, ипотекалық нарықты дамытуға және халықтың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Таныстырылымда исламдық қаржы құралдарын енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өзбекстанда алғаш рет серіктестік, жалға беру, сауда және агенттік сукук түрлерін қамтитын исламдық бағалы қағаздар – сукуктарды шығару шарттары белгіленбек.

Сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері қаралды. Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің өкілеттіктері кеңейтіліп, оған дивидендтерді орталықтандырылған тәртіпте төлеу және шетелдік банктерде корреспонденттік шоттар ашу құқығы беріледі.

Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарына клиенттердің бағалы қағаздарын сақтау, есепке алу және оларға қатысты операцияларды жүргізу бойынша кәсіби қызмет көрсету тетіктері енгізіледі. Шетелдік номиналды сақтаушылар үшін жергілікті нарыққа кіру тәртібін жеңілдету арқылы халықаралық институционалдық инвесторларды тарту мүмкіндігі кеңейеді.

Реттеуші органның өкілеттіктерін халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру де көзделуде. Бұл нарық қатысушыларының қызметін тиімді қадағалауға, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғауға мүмкіндік береді.

Ұлттық компаниялардың акцияларын халықаралық қаржы нарықтарына орналастыру және инвесторлардың активтерін қорғауды күшейту мақсатында оннан астам заң мен кодекске өзгерістер енгізілуде.

Мемлекет басшысы капитал нарығы экономикаға ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын тартудың, кәсіпорындарды жаңғыртудың және жеке инвестициялар ағынын ұлғайтудың маңызды құралы екенін атап өтті.

Жауапты тұлғаларға «Капитал нарығы туралы» заң жобасын халықаралық серіктестермен кеңінен талқылауды, нарық инфрақұрылымын халықаралық стандарттар негізінде дамытуды, жаңа қаржы құралдарын енгізуді және салаға білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.