Айтуынша, бағдарлама аясында жыл сайын 100 маманды жұмысқа қабылдау жоспарланған.

Байқау келесі мамандықтар бойынша өткізіледі:

·         шұғыл медициналық көмек дәрігерлері (магистратура, ординатура дипломы немесе осы бағыттағы сертификатқа ие үміткерлер);

·         жоғары мейірбике бағыты бітірушілері (бакалавр дипломы).

Үміткерлер үшін жұмыс тәжірибесі міндетті емес, алайда тәжірибесі барларға басымдық беріледі.

Бағдарламаға қатысушылар  Италияның Перуджа университетімен бірлесіп ұйымдастырылған итальян тілі курсын 7 ай бойы онлайн оқиды. Оқу шығындарын Миграция агенттігі өтейді, сондай-ақ оқу барысында ай сайын 600 еуро көлемінде төлем беріледі.

Тіл курсын сәтті аяқтағандар Италияның Сардиния өңірінде жұмысқа орналасады. Негізгі жалақы 3500 еуроға дейін, ал қосымша жұмыс уақыты мен түнгі кезекшіліктер үшін төленетін үстемақылардың есебінен айлық табыс 4000–5000 еуроға дейін жетуі мүмкін.

Жұмыс уақыты аптасына 38 сағатты құрайды. Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, түскі ас пен медициналық сақтандыру шығындарын жұмыс беруші көтереді.

Үміткерлердің жасы 50 жасқа дейін болуы тиіс, ал 40 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін жоғары медициналық білімнің болуы міндетті.