Ташкент – Халқы 38
миллионнан асқан Өзбекстан үшін бидай өсіру ұлттық азық-түлік қауіпсіздігінің
ең маңызды бағыттарының бірі саналады. 2026 жылғы маусымда елдегі бидай
алқаптарында жоғары өнімділік тіркеліп, ішкі астықпен қамтамасыз етуді
нығайтуға және фермерлердің табысын арттыруға бағытталған реформалардың өз
нәтижесін бере бастағаны хабарланды.
Ұлттық
ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің мәліметіне сәйкес, биылғы маусымда орташа
өнімділік гектарына 9,57 тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен
салыстырғанда шамамен 1,1–1,5 тоннаға жоғары. Мұндай нәтижеге
тұқым сапасын жақсарту, жоғары өнімді сұрыптарды енгізу, егістікті тиімді
қоректендіру, суды үнемді пайдалану, өндірушілерді экономикалық қолдау және
орақ науқанын ұйымдасқан түрде өткізу арқылы қол жеткізілгені айтылды.
Бұл
жетістіктер Президент Шавкат Мирзияевтың басшылығымен аграрлық саланы
жаңғыртуға, фермерлерді қолдауға, ауылдық жерлердегі табыс көздерін кеңейтуге
және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған реформалар аясында жүзеге
асырылған шаралардың нәтижесі ретінде бағалануда. 2020–2030 жылдарға арналған
ауыл шаруашылығын дамыту стратегиясында белгіленген басым міндеттер –
өнімділікті арттыру, жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану, фермерлер үшін
базар механизмдерін күшейту, механикаландыру мен цифрландыруды кеңейту – бидай
шаруашылығында да нақты нәтижесін көрсете бастады.
Бірінші
маңызды фактор – сұрыптарды жаңарту болды. 2026 жылғы өнім үшін 947 мың гектар суармалы жерде күздік дәнді дақылдар
өсірілді. Өнімділікті арттыру мақсатында ескірген бидай сұрыптарының орнына 610 мың гектар
алқапқа жергілікті топырақ-климат жағдайына бейімделген 12 жаңа жоғары өнімді
сұрып, соның ішінде 8 жергілікті сұрып
егілді.
Екінші
фактор ретінде егістікті уақытылы қоректендіру және агротехникалық шараларды
дер кезінде орындау аталды. Көктемгі вегетация кезеңінде бидай алқаптары үш рет
азотты минералдық тыңайтқыштармен қоректендірілді. Сонымен қатар өнімнің
қалыптасуы мен астық сапасын жақсарту мақсатында микроэлементтерге бай
биостимуляторлармен 4–5 рет жапырақ арқылы қоректендіру жұмыстары жүргізілді.
Үшінші
маңызды бағыт – өндірушілерді экономикалық қолдап-қуаттау болды. 25 мыңнан астам
астық өсіруші шаруашылықтың 743 мың гектар алқабын қаржыландыру үшін жылдық 10 пайыздық мөлшерлемемен
5 триллион сум көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Қосымша
мемлекеттік қолдау аясында 16,7 мыңнан астам шаруашылыққа электр энергиясы
шығындарын өтеу үшін 140 миллиард сум субсидия бөлінді. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізуге 265 миллиард сумнан астам
субсидия төленді.
Биыл
бидай шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдау жүйесі де кеңейтілді.
Бұрын негізінен жаңбырлатып және айналмалы суару жүйелерін ынталандыруға көңіл
бөлінсе, 2026 жылы алғаш рет бидай алқаптарына тамшылатып суару технологиясын енгізуге
де субсидия беру механизмі іске қосылды. Бұл су тапшылығы жағдайында өнімділікті сақтап,
ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам болды.
Үкімет
2026 жылдың 1
сәуірі мен 1 шілдесі аралығында дизель отыны шығындарының бір
бөлігін өтеу механизмін де енгізіп, осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен шамамен 100 миллиард сум
бөлді. Сонымен қатар бидай өсіруге алынған жеңілдетілген несиелерді 1 тамызға дейін
толық қайтарған өндірушілерге жылдық 10 пайыздық несие мөлшерлемесінің 4 пайыздық пункіт субсидия ретінде өтелетін
болды.
Төртінші
маңызды фактор – тұқым дайындауда жаңа тәсілдерді қолдану болды. Маусымның
ерекше жаңалығы ретінде Өзбекстанда алғаш рет фермерлер үшін тәжірибелік маңызы
бар, ұлттық мамандар эпигенетикалық тәсілге негізделген деп сипаттаған тұқым
дайындау әдісі кеңінен пайдаланылды. Бұл әдіс тұқымның тыныштық күйін
басқаруға, оның оянуын жеделдетуге және тез әрі біркелкі көктеуін қамтамасыз
етуге бағытталды.
Егісті
егу алдында 170
мың тонна тұқымдық астық 45–60 күн бойы +1°С пен +5°С
аралығындағы салқындатылған жағдайда сақталды. Осылай дайындалған тұқым 700 мың гектар жерге себілді.
Бұл
тәсіл дәстүрлі яровизацияны толықтыра отырып, тұқымның тыныштық күйін басқаруға
және ерте әрі біркелкі көктеуді қамтамасыз етуге бағытталды. Нәтижесінде
бидайдың өсуі мен дамуы өткен жылдармен салыстырғанда 8–10 күнге
ертерек басталды, ал көктеу 10–12 күн ішінде біркелкі жүрді. Өсімдік қалыңдығы орта
есеппен гектарына 5,5–6,0 миллион түпті
құрады. Бұл факторлар өнімділіктің артуына айтарлықтай үлес қосты.
Озық
агротехнологияларды қолданған 11 мыңнан астам фермер, яғни астық өсірушілердің шамамен 32 пайызы, гектарына 10 тоннадан жоғары өнім
алуға қол жеткізді.
Соңғы
жылдары фермерлердің экономикалық дербестігі мен табысын арттыруға бағытталған
реформалардың нәтижесінде биыл 9 мыңға жуық фермер қожалығы жалпы
астық алқаптарының 22 пайызына тең болған 204 мың гектарға жеңілдетілген несие
алмай-ақ, өз қаражаты есебінен бидай өсірді.
2026
жылғы бидай маусымы ғылымға негізделген сұрып таңдау, тұқымның тыныштық күйін
басқару, егістікті сапалы қоректендіру, су үнемдеу технологиялары, мақсатты
субсидиялар, ашық әрі тиімді орақ логистикасы және фермерлерге бағытталған
базарды қолдап-қуаттау шаралары Өзбекстанда азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл
халқының әл-ауқатын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.
Дереккөз: 2026 жылғы бидай
өнімін жинау маусымы бойынша ұсынылған ұлттық ауыл шаруашылығы және фермерлер
кеңесінің мәліметтері.