Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған сұхбатта Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектері жеткізілді.

«Қазақстан біз үшін жай ғана көрші мемлекет емес, жақын дос, сенімді стратегиялық серіктес әрі одақтас болып табылады. Қасым-Жомарт Кемелевичке жылы қабылдауы және елдеріміз арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайту жолындағы табанды ұмтылысы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Өзбекстан Президенті Администрациясының басшысы.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Президенті Администрациясының басшысы Роман Склярмен де кездесу өтті. Тараптар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы серіктестік қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылап, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүйелі әрі толық орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Президент әкімшіліктері арасындағы ынтымақтастықтың неғұрлым тығыз, жедел және тиімді механизмдерін жолға қоюға келісті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Каринмен өткен сұхбатта ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда, мәдени дипломатияны дамыту, мемлекеттер арасындағы бірлікті нығайтудағы жастардың рөлі және жоғары технологиялар саласындағы болашақтағы серіктестік мәселелері талқыланды.

Делегация Астана қаласындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен де танысты. Өзбекстанда Ташкент халықаралық қаржы орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін зерделеудің маңызды екені атап өтілді.

Тараптар қаржылық инфрақұрылымды дамыту және өзара тәжірибе алмасу арқылы тек екі мемлекетке ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне инвестициялар ағынын кеңейтуге мүмкіндік бар екенін ерекше атап өтті.