Бұл туралы елдің Әділет министрлігіне сілтеме жасап, ABC
News хабарлады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әскери Геннон Кен Ван Дайк
Венесуэла президенті Николас Мадуроның биліктен шеттетілуіне қатысты болжам базарында
ірі көлемде ақша тіккен. Ол Polymarket платформасында 33 мың доллардан астам
қаражат тігіп, 400 мың доллардан аса табыс тапқан.
Мәлім болғандай, бұл бәстер АҚШ президенті Дональд Трамп
Мадуроны ұстау операциясы туралы ресми мәлімдеме жасағанға дейін бірнеше күн
бұрын жасалған. Бұл жағдай ішкі ақпараттарды пайдаланылғаны туралы күдік
туғызып, бір айлық тергеуге себеп болған.
Айыптау құжаттарында Ван Дайктың құпия үкімет
ақпараттарын заңсыз түрде жеке пайдасына пайдаланғаны, алаяқтық және қаржылық
құқық бұзушылықтар жасағаны көрсетілген. Сондай-ақ, ол өз есептерін жасыру үшін
аккаунтын өшіруге және электрондық поштасын өзгертуге тырысқаны да анықталған.
Ресми тұлғалардың айтуынша, әскери «Absolute Resolve»
операциясы аясында қатысқан болуы мүмкін. Тіпті оның Мадуроны алып кеткен USS Iwo Jima кемесінде
түскен суреті де тіркелген.
Polymarket өкілдері күмәнді операциялар туралы құқық
қорғау органдарына дер кезінде хабар берілгенін мәлімдеді. Компанияның
мәлімдемесінде «инсайдерлік саудаға орын жоқ» екені атап өтілген.
Айта кетейік, бұл жағдай АҚШ-та болжам базарындағы инсайдерлік сауда бойынша алғашқы қылмыстық іс
ретінде бағалануда. Мамандардың пікірінше, мұндай істер жаңа технологиялар мен
қаржылық платформалар жағдайында заңдарды қолдануда қиындықтар туғызуы мүмкін.
Қазіргі уақытта күдіктінің адвокаты бар-жоғы туралы
нақты ақпарат жоқ.