Бұл туралы NBC News полицияға сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметтерге орай, ер адам отбасылық жанжал аясында екі мекенжайда қарулы
шабуыл жасаған. Алдымен ол бір әйелді ауыр жарақаттаған, кейін басқа үйге
барып, өз балаларына оқ атқан.
Нәтижесінде 3 жастан 11 жасқа дейінгі 8 бала қаза тапқан. Олардың 7-еуі
күдіктінің өз балалары, тағы бірі туысының баласы болған.
Сондай-ақ ер адамның жұбайы мен оның жақын танысы ауыр жағдайда ауруханаға
жеткізілген.
Оқиғадан кейін шабуылдаушы қарумен қашып, жолда автокөлікті күшпен тартып
алған. Оны қуған полиция басқа аумақта тоқтатуға әрекеттенген, ал ол қарсылық
көрсеткендіктен атып өлтірілген.
Ресми тұлғалар оқиғаны отбасылық зорлық-зомбылықпен байланыстыруда. Қазіргі
уақытта қайғылы жағдайдың нақты себептері анықталуда.
Қала басшылығы бұл оқиғаны соңғы жылдардағы ең ауыр трагедиялардың бірі деп
бағалады.